Қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға жауап бергендердің 20 пайызы "ажырасудың бірден-бір себебі – бала сүймеу" деп көрсеткен. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Экстракорпоралды ұрықтандыру процесі 2010 жылдан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. Кейінгі жылдары ЭКО-ға 900-1 000 квота бөлініп келген болса, президент Жолдауына сәйкес, 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында квота саны 7 мыңға жетті.
Квота бала көтеруге кедергі келтіретін созылмалы аурумен ауыратын жандарға берілмейді.
Мысалы:
- соматикалық және психикалық аурулар;
- жатыр пішінінің өзгеруіне әкелген туабітті даму кемістіктері;
- тез арада емдеуді қажет ететін аналық бездің қатерсіз ісігі;
- жатырдың шырышты қабығының қабынуының гиперпластикалық процесі;
- созылмалы қабынбалы аурулар;
- денедегі қатерлі өскіндер.
ЭКО қызметіне бір жылда бір рет жүгіне аласыз. Талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз.
Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының алдында әйелдер де, еркектер де жіті тексеруден өтіп, көптеген талдау тапсырады. Жүктілік расталған жағдайда да тексерулер тоқтатылмайды. Лабораториялық тексерулердің басым бөлігі жүктілік туындағаннан аз уақыт бұрын тапсырылған болса да қайта тапсырылады. Бұл жүктіліктің жүруін бақылауда ұстап, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін қажет.
Кейде ЭКҰ алдында жатырға орналастырғанға дейін эмбриондардың сапасын тексеру үшін имплантацияалды генетикалық диагностика жүргізіледі.
Кез келген жүкті әйел көп анализ тапсырып, міндетті тексеруден өтеді. Жүктіліктің бүкіл мерзімінде ол бір талдауды бірнеше рет тапсырады: қан мен несеп талдауы, қынап флорасындағы жұғынды және тағы басқа. Сондай-ақ денсаулығын тексеру үшін басқа да мамандардың тексеруінен өтеді. ЭКҰ әдісіне жүгінуге мәжбүр еткен себептер қосымша тексерулерді қажет етуі мүмкін. Қан жүйесін ұйытатын зерттеу – коагулограммаға үлкен мән беріледі. ЭКҰ-ға дайындық кезеңінде әйелдер көп көлемде гормоналды препарат қабылдайтындықтан бұл талдаудың маңызы зор. Себебі гормоналды дәрілер қанның ұйып қалу қаупін төндіреді.
Жасанды ұрықтандырудан кейінгі жүктілік те қалыпты ұрықтанудан кейінгідей жүреді. Жүктілік үш кезең – триместрлерді қамтиды. Соңғы триместр бала босанумен аяқталады.
ЭКҰ шарасынан кейін ХГЧ – эмбрион жатырға сәтті орналасқан кезде концентрациясы артатын гормонға талдау жүргізіледі. Бұл талдау ЭКҰ процедурасынан кейін екі апта өткен соң жүктілік фактісін нақтылау үшін жүргізіледі.
Экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі еліміздегі бала сүю бақытынан айрылған отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бірқатар шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізері анық.

